Жоспар
1 .
2 .
3 .
4.
Құрманғазылықтардың мақтанына айналған батыр қыздары Хиуаз Доспанованың 2008 жылғы мамырда болған қазасы жайлы қайғылы хабары Алматыдан ауылға сол күні жеткізілді. Аудан басшылығы қазанаманы облыстық газеттерде жариялаттырды, көзі көргендер мен таныс-білістер қаһарман қыздарын көңіл босатып әңгімеледі. Бізге бар жағдай осындай болып көрінген сияқтанды. Ресми жағдайдағы іргелі көріністер олқы соққан тәрізденді. Күнде көріп жүрген көп өлімнің бірі құсаған Хиуаз Доспанованың есімі де көңілден тез ұмытылар ма екен? Ендігі ойымыз осы төңіректе сабақталады.
Хиуаз Қайырқызы Доспанова 1922 жылы Құрманғазы ауданындағы Зормата ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Қазақтан шыққан алғашқы ұшқыш жауынгер қыз жайында кезінде 1940-1950 жылдарда аз жазылған жоқ. Ол жөнінде кесек-кесек шығармалар жазған қаламгерлер болды. Даңқты жерлесіміздің 1960, 1963 жылдарда орыс тілінде «Под командаванием Расковой», қазақ тілінде «Халқым үшін» деген өзінің жазған кітаптары жарық көргенін білеміз, талай оқығанбыз. Әкесі Қайыр Доспанов марқұм партия қызметіне ерте араласып, Орал қаласына қоныс аударуына орай Хиуаз туған ауылдан тым бүлдіршін кезінде кетті. Сондықтан оның оқыған мектебін, өскен ортасын бұл ауданнан таба алмайтынымыз рас. Соғыстан кейін Хиуаз апамыз туған жерге оқта-текте соғып кеткенін көрдік. Ол кезде 1950 жылдарда әкесі Қайыр ақсақал осындағы «Коминтерн» колхозында басқарма төрағасы болатын. Хиуаз Алматыда партия, комсомол жұмыстарында болды, оқта-текте орайы келгенде әкеге сәлем беріп кететінін ақсақалдардың айтқандарынан еститінбіз. Қалай десек те кіндік қаны тамған киелі Зормата топырағының рухы үстем болары қақ. Осы өңірде дүниеге келген Махамбет пен Құрманғазыға, Дина мен Хиуазға киелі қоныстың бір уыс топырағы бұйырмады. Бірақ олардың алдыңғыларының барлығының есімдері халқымен мәңгі бірге жасап келеді, ал Хиуаз апа қалай болар екен?
Батыс өңірден шыққан қазақтың батыр қыздары екеу емес, енді үшеу болды ғой. Мәншүк – Оралда, Әлия – Ақтөбеде мәңгілік орындарын тапты. Атыраудан шыққан халық қаһарманын мәңгі есте қалай қалдырамыз. Билік басындағы парасатты мырзалар мен зиялы қауым өкілдері ойластырар деген үміттеміз. Бұл салада туған жерінің алар үлесі мол сияқтанады. Бір өкініштісі – Хиуаз апаның кіндік қаны тамған Зормата қонысы бұл күнде «жетім ауылдар» санатының соңында жүр. Қаһарман қыздарының арқасында бұл елді мекеннің өткен тарихынан бір ауыз сөз қосқанды артық санамадық. Зормата – екі ғасырлық тарихы бар ежелгі атажұрт болатын. Бөкей ханның інісі Шығай сұлтан хандық билікті ұстап тұрған кезінде Зорматаны сыртқы аймақтармен қарым-қатынас жасайтын орталыққа айналдырған ғой. Табиғаты тамаша Шора өзенінің жағасындағы көкмайсалы алқап. Шығайдың өз балалары басқаратын ханның сардарлар тобы (қазіргі полиция іспетті) осы Зорматада болған. Кейін Биляш Баймұхамедов правитель (кәкім) өз ордасын (ставкасын) осы Зорматада салдырған. Кеңес кезінде кәкімнің көк үйі Сталин атындағы орта мектеп болды. Кейін мұндағы колхозды басқа қонысқа көшірді, одан ферма орталығына айналдырылған ауылды да тоз-тоз қылып тоздырды. Енді мұның бәрін азсынғандай Зормата елді мекені жоқ деп саналатын болды. Сонда қазақтың қаһарман батыр қызы Хиуаз Доспанованың туған ауылы жоқ болып шығады. «Бір жоқты бір жоқ толықтырады» деп халқымыз даналықпен айтқан ғой. «Хиуаз Доспанованың туған ауылы» деп бір ескерткіш белгінің орнын қалай ұйғаруға болар еді. Оның жағдайы мынадай: Зормата ауылында осы аттас ауылдық кеңес пен Партияның XIX съезі атындағы колхоз болды. Оны кейін Киров атындағы колхозға қосты да, Зормата кеңесі жойылып, Киров ауылдық кеңесі аталды. Тұрғындардың басым көпшілігі Дәшін (дұрысы Дархан) ауылына көшіп келді. Қайсар қыздың бір топырақта дүниеге келген жерлестері енді осы ауылда тұрады. Дархан ауылы бұрын да атына адамдары сай ежелгі атақоныс-тұғын. Әлгінде айтқан Биляш правительдің алдындағы Мерәлі кәкімнің ордасы да осы ауылда тұрды, ол жайында бұрынырақта жазғанбыз. Құрманғазы ауданында жалғыз-ақ әйел Социалистік Еңбек Ері атанған Нәси Нұрханаева да Зорматада туып, Киров округінің адамы болып дүниеден өтті. Дәшіннен Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне төрт бірдей әйел депутат болып сайланғаны және бар. Демек бұл да киелі қоныс, көрікті мекен. Ойды ой қозғайды, аудандағы Калинин селолық округінің атауын ептеп-септеп өзгертті, Киров округі солай аталады. Заманына қарай амалы десек, революция қайраткерлерінің де дәурені озған шығар. Осыны енді Хиуаз селолық округі деп атаса қоғамға да, заңға да қайшылығы болмас еді. Мәншүк пен Әлияның есіміне ие болған атауларды тізбектеп жатпадық, оны халық ертеден біледі, Хиуаз Доспанованың сонымен терезесі теңесетін мезгілі келіп отыр. Жеке адамның есіміне арналатын атаулар ол кісінің бақилық болғанына бес жыл толуы керек, сосын беріледі екен дегенді тілге тиек етеді. Десек те халық қаһарманы қайсар қыздың әруағы үшін ондай мезгілді күтудің жөні жоқ секілді. Дәшін ауылында Киров селолық клубы және сол аттас халық театры бар. Осы мәдениет ошағының алдында да революция қайраткерлерінің тас мүсіні тұратын. Сол тұғырға қазақтың қайсар қызы – халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың еңселі мүсіні тұрса жастардың алар ғибраты ерекше болар еді-ау. Батыр қыздың атында бір мектеп болғаны да артықтық етпес еді. Әзірге Хиуаз апамызға көше атауы да еншіленген жоқ. Өйткені ол кісі күні кешеге дейін ортамызда болды ғой, 86 жасында ғана бақилық сапарға аттанды, бұл да ерекше қуаттылықпен өткен ғұмыр ғой. Бірақ көзі тірісінде даңқты жерлесіміздің асқан ерлігі, елімізге сіңірген еңбегі, қайраткерлік қызметі бүгінгі ұрпаққа кең түрде таныстырылған жоқ. Оның бір жағдайы – қаһарман қыз ғұмырының соңғы бірқатар жылдарында сырқат болды, ел аралауға шыға алмады, түрлі кездесулерге, алқалы жиындарға қатыса алмады. «Көзден кетсе, көңілден кетеді» демекші біз кейде тірі адамдарды да ұмытамыз ғой. Оған қоса марқұм Хиуаз апамыздың өзіне тән мінез ерекшелігі болды, оның қайсарлығы, өжеттігі, өткірлігі, қаталдығы біреулерге жақпайтын да сыңайлы еді. «Бауыржан ағасының сарқытын ішкен қайсар Хиуаз ғой» дейтіндерді құлағымыз шалған кезді еске аламыз. Ақыры Бауыржан Момышұлына, Қасым Қайсеновке, Рақымжан Қошқарбаевқа, Хиуаз Доспановаға еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана «Халық қаһарманы» атағының берілуінде де бір сыр жатқандай болатын.
«Ештен кеш жақсы» бәрі орнына келді. Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы жасаған ерліктері жайлы талай-талай кесек дүниелер жазылғанын жоғарыда атадым, деректі кинофильм де шығарылды. Сондықтан мен оларды қайталап біреулердің жазғандарынан көшіруді ойлап отырғаным жоқ. Тек республикалық «Ана тілі» газетінде жазылған (16.ХІІ.2004 ж.) мақалада айтылатын мына көріністі әңгімелегім келді. 21 жастағы қайсар қыз Хиуаз ылғи «ПО-2» аталатын бомбалаушы ұшақпен жау бекіністерінің үстінде жүреді екен. Ылғи түнде ұшады. Бомбалаушы ұшақта штурманның атқарар қызметі тым ерекше. Тапқырлық, батылдық, өжеттілік керек. Ұшақты «шыңғыртып» отырып аспанға тік көтеріліп, әбден биіктеп алып, лезде жердегі аңға шүйілген қарақұс құсап оқыс құлдилап келіп жау бекінісінің, қару-жарақ қоймаларының үстінен ұшақ қанатының астына арнайы тұтқада бекітілген бомбаларды шуылдатып төгіп-төгіп жіберіп, лезде аспанға шығандап қайта көтерілу үшін қаншалықты тапқырлық керек екенін шамалауға болатын шығар. Немістердің зенитшілері де жарқыл-жұрқыл оқ атып уыл-шуыл күйге түседі, артынша Хиуаз тастаған бомбалардан жаппай отқа оранып үндері өшеді. Жазба деректерге сүйенсек, қазақтың қайсар қызы осындай үш жүзден астам аспанға көтеріліп, жаудың төбесінен жасын ойнатқан ғой. Теңдесі жоқ ерлік! Өзі де жараланады, қасындағы қыздардан қаза тапқандары да болады. «Кіммен жұптасып ұшпады бұл Хиуаз, Полина Белкинамен де, Мария Носальмен де, Ирина Себровамен де, Юля Пашковамен де қосылып ұшты ғой, олардың барлығы да шебер ұшқыштар еді» деп жазылған жолдарды оқып отырып, мерейлене түскендей боласыз. Солардың ортасында қазақтың қайсар қызы жеке-дара көзге түскені мақтаныш сезімін оятса керек. Хиуаз Доспанова әскери ұшақты меңгеруді, жау тылында түнде шабуылға шығуды, әскери операцияларды қалай бастап, қалай аяқтауды Саратовтағы әскери ұшқыштар училищесінде оқып үйренді, өзінің ұстазы саналатын атақты Марина Михайловна Раскованың мол тәжірибесімен машықтанады. Айта берсе халық қаһарманының ғаламат ерліктері талай туындыға арқау болатыны талас тудырмасы анық.
Біздің нақты тоқталсақ дегеніміз – Мәншүкпен, Әлиямен терезесі теңескен қазақтың батыр қызының туған жерінде таныстырылуы, ерлік өнегесінің бүгінгі ұрпаққа уағыздалуы жеткілікті болмай жатырғаны еді. Бір ғана медеу тұтарлық көрініс – 2008 жылы қайта жаңғыртылып жасалған, аудан орталығындағы жеңіс алаңына Құрманғазы топырағында дүниеге келген бес батырға орнатылған мәрмәр тас – ескерткіштің біреуі Хиуаз Доспановаға арналғаны еді. Батыр жерлесіміз есімінің ауызға алынғаны осы ғана. Осы үрдіс енді өрісін табар деп үміттенеміз. Осы тас тұғыр үлкен тәрбие орнына айналдырылады деп санаймыз. Өткенде Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептің жоғары шәкірттерімен Хиуаз Доспанованың ескерткіші қасында «Өнеге» бағдарламалық тақырыбында тәрбие сағаты өткізілген болатын. Мектеп оқушылары арасында қазақтың қайсар қызы жайлы кең таныстырудың, оны жылдар бойына үзбей насихаттап отырудың бағдарламасы жасалатын шығар деп ойлаймыз. Жастарға отансүйгіштік, патриоттық тәрбие беруде қазақтың қаһарман қызы атындағы спорттық жарыстар, жүлделер белгілесе, осы тақырыпта тәрбие сағаттарын өткізсе батыр апамыздың көзі тірісінде-ақ ұмыт қала бастаған көлеңкелі көріністер көрікті іске айналар еді. Киров, Орлы, Ганюшкин селолық округтерінде қайсар қыздың ағайындары, туыстары, тіпті Қайыр қарттың кенже шаңырағы тұрады. Олармен кездесулер ұйымдастырылып, салмақты естеліктер халық арасында кеңірек айтылатын болса игілікті істің орны толар еді. Ауданда көпке танылған тарихи-өлкетану мұражайы бар. Оның жәдігерлері тарихи шежіреге өте бай. Екі қабатты ғимараттың барлық қабырғаларында ине шаншар жер жоқ десек артық болмас. Сонда да Хиуаз Доспанованың өмірі мен асқан ерлік ісін баяндайтын арнайы бір бөлім – топтама ұйымдастырылса ең тиімді шаруаның бірі болары сөзсіз. Тағы бір ойға келетіні – Хиуаз Доспанованың ерліктерін баяндайтын жазбалар, әдеби шығармалар өз жерлестері арасында қазірде жоқтың қасында. Бұдан 40-50 жыл бұрын жарық көрген кітаптар тозған, жоғалған. Жоғарыда аталған «Под командованием Расковой» және «Халқым үшін» деген қайсар қыздың өзі жазған кітаптарын біріктіріп Алматыдан бастырып шығаратын демеуші табылса деген тәтті үміт жетелейді. Бұл да ойластыратын игілікті мұраның бірі болар еді. Ал облыс көлемінде ұйымдастырылатын жұмыстардың әңгімесі бөлек қой. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» деп бабалар айтқандай, қазақтың қыз-келіншектері арасынан әлемде теңдесі жоқ ерлік жасаған атақты батыр ұшқыш Хиуаз Доспанова 86 жылдық тірі ғұмырының ішінде елеусіз қалып қоя жаздады емес пе? Тек Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2004 жылы оған «Халық қаһарманы» атағын беруінің арқасында қайсар қыздың есімі халқымен қайта табысып еді. Дегенмен ол да бір науқандық жұмыс тәрізденіп баяулап бара жатырғандай болған-ды. Енді қаһарман Хиуаздың екінші ғұмыры басталды. Сол басталудың қазіргі аяқ алысы қалай? Көптің көңілі әзірге осыған қоңылтақсып тұрғандай.
Облыстық «Атырау» газетінде (17.06.2008 ж.) Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Нариман Үлкенбаев мырзаның «Қастерлейік Хиуазды» деген пікір-ұсыныс мақаласы жарияланды. Батыр қыздың құрманғазылық жерлестері бұл бастаманы қол соғып қарсы алып отыр. Қазақтың үш батыр қыздарын бір-бірінен бөлектеп қарауды тарих жүгі көтермейді. Әлия мен Мәншүк халқымен қалай табысқан болса, Хиуаз да дәл сол биіктен көрінуге тиіс деп бағаланады. Облыс орталығында жасалса деген бірқатар бағдарламалық меңзеулерді Нариман мырза орамды ойымен жеткізген екен. Оны халық толық қуаттап отырғанын жоғарыда атадық. «Темірді қызған кезінде соқ» дегендей, Елбасымыз «Мәдени мұра» бағдарламасының екінші кезеңіндегі жүзеге асырылатын игі шараларға ерекше назар аударып отырған шақта, Хиуаз Доспанованың ерлік рухы ғаламат бағасымен мәңгілік мұраға айналуы керек.
2006 жылы Хиуаз жайлы деректі кинофильм түсірілгенін халқымыз кең түрде біледі, оны теледидар арқылы сан мәрте көрсетті. Сонда қайран қаларлық әңгімелер айтылады. Полкте Хиуазбен бірге болған ұшқыш қыздардың көзі тірілерінің бірі Кеңес Одағының Батыры, енді бірі ғылым докторы және сондай танымал тұлғаларға айналған. Көгілдір экранда солар сөйлеп отыр, өңірлері толған ордендер мен медальдар. Хиуаздың соғыс жылдарында жасаған теңдесі жоқ ерлігін сол құрбылары бірін-бірі қайталап тұрып ашық әңгіме қозғайды. Сонда олардың мынадай жағдайды сөз қылатындары еріксіз қайран қалдырады және артынша мақтаныш сезіміне бөлейді. Ертеректе Хиуаздың ерлігі жайлы жазылған кітаптарда да айтылатын еді. Дегенмен сол оқиғаларды көзбен көріп, ортасында бірге болып, енді бүгінгілерге тарихи куәгер ретінде тірілердің ауызша айтып жеткізуі ешқашан ұмытылмайтын өшпес ерлік екенін дәлелдесе керек. Хиуаз Доспанованың соғыс жылдарында бомбалаушы ұшақта штурман болғанын, қандай ерлік қимылдар көрсеткенін қолымыз жеткен деректер бойынша қысқаша болса да әңгімелеп жүрміз. Кітаптарда да жазылды ғой. Бірде батыр қыздың ұшағы полктегі жасырын қону алаңына келе жатып апатқа ұшырайды. Соғыс жағдайында алаңда қазіргідей жердегі бір теңгені көтеретіндей жарқыраған сәуле болмайды. Төмендегі жылтыраған таныс белгілер арқылы қону керек. Сондай сәттердің бірінде майданнан қайтқан екі ұшақ қонар тұста қатар соғылып опат болады. Хиуаздың қасындағы көмекші ұшқышы бірден қаза табады да, өзі жараланып аяғын сындырады. Бірақ госпитальда ұзақ жатып емделетін, болмаса елге қайтарып жіберетін жағдай жоқ. Хиуаз асқан ержүрек штурман. Бомбалаушы ұшқыштарда шебер, өжет штурман ғана жеңіске жетіп отырады. Жер бетіндегі от пен оқтың үстінде «ойнақтап» жүріп дұшпанның бекіністеріне ойран салу – нағыз «жүрек жұтқан» батырлардың ғана қолынан келеді екен. Мұны Хиуаздың өзі емес, Мәскеудегі полктес құрбылары айтып отыр. «Хиуаздың сынған аяғы тез арада әбден жазылып кете қоймады. Бірақ ол қайсарлығы мен батылдығын жоғалта алмады. Ылғи бомбалауға түнде шығамыз. Хиуазды ұшаққа көтеріп апарып отырғызады. Штурманның жұмысы екі аяққа тіреліп жатырған жоқ. Ол жау шебіне қырғиша шүйілген қалпында діттеген нысандарға бомбаны қашан, қалай тастауды өте шебер және жасқанбай жасайтын. Ұшақ қанаты астында бекітілген санаулы бомбаларды тастап үлгерген сәтте шұғыл кері оралу керек. Жерге қонған соң он минуттың ішінде ұшаққа қажетті бомбалар қайта бекітіліп үлгереді. Бар болғаны он минут уақыт! Жау бекіністерінің үстінде жүргенде Хиуаз көксұрланып қатып қалады. Тапсырманы толық орындап, өзіміздің әуежайға қонғанда «тірілгендей» болады. Қыздар бір-бірімізбен жылап құшақтасамыз. Артынша Хиуаз аспанға қайта көтеріледі. Ондай сапардан кері оралмай жатырған құрбыларымыз қаншама. Әйтеуір Хиуаз аман келеді. Кейде ол бір түнде аспанға жеті-сегіз мәрте көтеріледі, барлығы да сәтті аяқталады, берілген тапсырма ойдағыдай орындалады».
Міне, қазақтың батыр қызы от пен оқтың үстінде «ойнақтап» жүріп, 300-ден астам жауынгерлік тапсырма орындаған екен. Теңдесі жоқ ерлік емес пе! Ол жайында кезінде талай-талай кітаптар жазылды ғой, майдандастары айтатын естеліктері қаншама? Сонда да соңғы қырық жылдай мезгіл батыр ұшқыштың есімі көп айтылмай қалғаны да ақиқат. Оған екі түрлі себеп болғанын жасырмаған жөн. Хиуаз Доспанованың соғыстан алған жарақаты мен денсаулығының ақаулануы оның қырық жасқа жетпестен зейнеткерлер қатарына қосылуына әкелді. Екінші жағдай – оның өткірлігі мен қайсар мінезі тоталитарлық заманның тежеуіне соқтырды. Бір сөзді басынан асырмайтын билік пайда болды. «Егемен Қазақстан» газетінде (28.05.2008 ж.) қайсар қазақ Сағындық Кенжебаев туралы естелік-сұхбат «Ақиқатты айтып, арандаған» деген тақырыппен жарияланды. Сонда Сағындықтың бастан кешкен жағдайларын баяндай келе былай деп жазылған. «Сөйтіп жүргенде 1951 жылдың қазанында Алматыға, республика комсомолының Орталық Комитетіне шақырылдым. Оның бірінші хатшысы Хиуаз Доспанова мені Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов қабылдайтынын айтты. Жұмекең мені түнгі сағат он екі жарымда қабылдады» деп одан әрі қазір көзі тірі Сағындық ағаның өзі жайлы әңгіме жалғастырылады. Біздің айтпағымыз – Хиуаз Доспанова бейбіт өмірде де мемлекет қайраткерлері қатарында қызмет жасаған адам екенін таныту еді. Көрсетілген естелікте қазақтан шыққан алғашқы ел басқарушының бірі Жұмабай Шаяхметовтың қандай адам болғаны, оның қызметтегі биік тұлғасы әділ бағаланып баяндалған. Түнгі сағат он екі жарымда жұмыс жасап отырған адамның еліне, халқына қандай еңбек сіңіргенін шамалауға болатын шығар. Хиуаз Доспанова сондай ірі тұлғалардың қатарында өзін іскерлігімен де таныта білген ғой. Қазақстан Комсомолының Орталық Комитетін басқару ол кезде екінің бірінің қолынан келмеген қызмет екенін орынды атауға болады. Бірақ тоталитарлық тәртіп кей адамдардың танылмай қалуына ықпал жасағанын тарих жасырмайды. Жұмабай Шаяхметовты тым-тырыс тұйыққа ығыстырды. Бауыржан Момышұлына батыр атағын да, генерал шенін де бермей тастады, Хиуаз Доспанованы көп ұзаққа создырмай зейнеткерлікке шығара салды. Қазақтың қайсар қызы бағзы біреулер құсап «жалынып-жалбарынып» атақ-абырой іздемеді. Өжеттігін өзінде сақтап, төменшіктеуге түспеді. Әлия мен Мәншүкті мақтан тұтып жүргенімізбен, тірі Хиуазды танитын тұлғалар таптыра қоймады. Тек ол олқылықты қазақ елінің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қалпына келтіргенін жоғарыда атадық. Бұл тақырып атыраулық қаламгерлер арасында жарты ғасыр бойына жазылған жоқ, нақты білетін адамдар дүниеден озып кетті. Бұл жылдарда Хиуаз апамыз да туған жерге келіп, атыраулықтардың ешқайсысымен сұхбаттаса қойған жоқ, Алматыға барып апайдың әңгімесін өз аузынан жазып алғандар да бола қоймады. Сондықтан ол кісінің өмірдерегінде көмескі жағдайлар болуы әбден ықтимал еді. Міне, біз осы олқылықты толтырып беруді басты мақсат санадық және осы келтірілген деректердің енді ешқандай өзгеріссіз қабылдануын қалар едік. Себебі біздер барлық жағдайды көзімізбен көрген және толық білетін адамдармыз. Олар – қазірде 94 жастағы абыз ақсақал, соғыс және еңбек ардагері Досжанов Мұса қария мен осы мақаланың авторы екенін айтқаным оғаштық етпес. Мұсекең бұл тақырыпта кезінде жазыпты. Доспанов Қайырдың туғанына 100 жыл толуына орай Құрманғазы аудандық «Ленин жолы» («Серпер») газетіне (20.09.1984 ж.) «Сарғайған сан қағаздар сыр шертеді» деген атпен және «Қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы» атты мақалалар «Атырау» газетінің 2000 жылғы 27 мамырдағы санында жарық көрді. Аталған мақалалардың көшірмелерін мен өзіме сақтап отырмын. Оған қоса Мұсекең мынадай естелік жазыпты. Содан оқиық. «Біреулер Доспанов Қайырды 1959 жылы қайтыс болды деп жазды – бұл қате. Бұл кісі 1952 жылы қайтты, мен жерлеуіне қатыстым. Ал енді біреу Хиуаз туған жерінде үйлену тойын жасады депті, бұл – қисынсыз өтірік және оны «Көбелеңкі» деген аралда туды деуі де жаңсақ. Әрине, ол авторларды кінәлауға болмайды,
9-09-2015, 19:03